Жаңалықтар

Қазақстан командалары Абу-Дабидегі Games of the Future турнирінде плей-офф кезеңіне шықты

1 / 6
Поделиться

20 желтоқсан, Абу-Даби. Қазақстандық UEL TEAM және PBC Astana командалары Games of the Future 2025 Abu Dhabi powered by ADNOC халықаралық турнирінде топтық кезеңді сәтті аяқтап, плей-оффқа жолдама алды. Бұл нәтиже қазақстандық фиджитал-спорттың жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Фиджитал-футбол турнирдің негізгі әрі көрермен қызығушылығын тудырған дисциплиналардың біріне айналды. Бірінші ойын күні UEL TEAM KAZAKHSTAN Grenny Smith командасына қарсы тартысты матч өткізді. Цифрлық және физикалық кезеңдердің қорытындысы бойынша ойын тең аяқталғанымен, пенальти сериясында қазақстандықтар 4:3 есебімен жеңісті жұлып алды.

Топтық кезеңнің екінші күні фиджитал-футбол командасы MÉXICO QUETZALES ұжымына қарсы тартысты серияда 1:2 есебімен есе жіберді. Матчтың тағдыры физикалық кезеңнің соңғы сәттерінде шешілді. Кибербөлімде қазақстандықтар басымдыққа ие болғанымен, алаңдағы ойында қарсыластар UEL TEAM қақпасына екі гол соқты. Айта кетейік, Мексика командасы қазіргі чемпиондар әрі Абу-Дабидегі турнирдің басты фавориттерінің бірі. Соған қарамастан, UEL TEAM плей-оффқа шығуға жеткілікті ұпай жинап, чемпиондыққа үміткер командалардың қатарында екенін көрсетті.

Фиджитал-баскетбол PBC Astana 3x3 командасы да алғашқы ресми ойын күні жасындай жарқылдады. ең жарқын  біріне айналды. Қазақстан намысын халықаралық аренада елдің үздік баскетболшылары — команда капитаны Руслан Айтқали, Асет Амангелдинов, Сардал Абашидзе және Руслан Власов қорғап жүр. Турнирді сенімді бастаған қазақстандықтар Bad Boys командасымен матчта цифрлық кезеңде басымдыққа ие болып (39:24), кездесуді жалпы жеңіспен аяқтады.

Екінші күні PBC Astana командасы Moskowsky ұжымына 23:40 есебімен жол берді. Алайда топтық кезең қорытындысы бойынша плей-оффтағы орнын сақтап қалды. Бұл ойында жеңілістің негізгі себебі цифрлық кезең болды. Қазақстандық клуб үшін фиджитал-форматтағы қатысу жаңа ережелерге бейімделу жолындағы маңызды тәжірибе саналады, мұнда физикалық дайындықпен қатар цифрлық дағдылар да шешуші рөл атқарады.

Бүгін қазақстандық екі команда — UEL TEAM (фиджитал-футбол) және PBC Astana (фиджитал-баскетбол) — плей-офф кезеңіндегі матчтарын өткізіп, жартылай финал мен турнир кубогі үшін күресті жалғастырады.

«Бүгін бізді Сербия спортшыларымен матч күтіп тұр. Олар ірі халықаралық іріктеуден өтіп, үшінші ең мықты команда атанған. Біздің қарсыластардың барлығы фавориттер. Мәскеудің “Локомотиві”, өткен ойынның жеңімпаздары болған Уругвай командасы және Қытайдан Азия іріктеуінің жеңімпаздары бар. Біз қарсыластардың тактикасын мұқият зерттедік, турнирге дейін ұзақ дайындықтан өттік. Бізге бүкіл ел қарап отыр, бізде жеңілуге жол жоқ. Бізге тек жеңіс керек!», — деді UEL TEAM командасының менеджері Евгений Набиуллин.

Бүгін қазақстандық жанкүйерлердің назарында Phygital Shooter. CS2 дисциплинасы да бар. Алаңға XGoat киберспорттық клубы шығады. Ол 2024 жылы Қазанда өткен Games of the Future турнирінің чемпионы әрі жарыстың ең мықты командаларының бірі.

 

Қазақстандық жанкүйерлер Games of the Future Abu Dhabi powered by ADNOC турниріне қатысып жатқан отандастарымыздан жарқын жеңістер күтіп, бұл нәтижелердің 2026 жылы Астанада өтетін «Болашақ ойындары» қарсаңында елдің фиджитал-сахнадағы позициясын нығайта түсетініне сенім білдіреді.

Games of the Future («Болашақ ойындары») — киберспорт пен классикалық спортты біріктіретін инновациялық халықаралық фиджитал-турнир. Алдымен командалар цифрлық ойында бақ сынап, кейін қарсыласуды физикалық алаңда жалғастырады. Бұл формат ойын шеберлігін, физикалық төзімділікті және командалық үйлесімділікті қатар талап етеді. Келесітурнир 2026 жылы Астанада өтеді, бұл Қазақстандағы фиджитал-қозғалыстың дамуы үшін маңызды кезең болмақ.

Айта кетейік, фиджитал-футболдың жүлде қоры 600 000 АҚШ долларын, ал фиджитал-баскетбол 3x3 бойынша 400 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл фактор командалардың бәсекелестік рухын одан әрі арттыра түседі.

Тікелей трансляциялар YouTube-арнада: https://www.youtube.com/@GamesOfFutureAstana 

Волонтер болу

БОЛАШАҚ ОЙЫНДАРЫ 2026-ның БІР БӨЛІГІ БОЛУҒА ДАЙЫНСЫЗ БА?

Волонтер болу

ӨТІНІМ БЕРУ