МЕДИА ТЕКЕТІРЕС: STEPPE GALAXY vs. CYBER BIRDS
Phygital Contenders Astana 2026 халықаралық турнирі аясында өткен ерекше Медиа Матч жай ғана шоу емес еді. Бұл отандық және халықаралық спорт журналистикасы мен цифрлық медиа үшін мүлдем жаңа белес болды. Бұл жолы медиа кеңістіктің белді өкілдері, комментаторлар мен инфлюенсерлер ойын алаңының қызуын өз терісімен сезіну үшін репортаж мінбелерінен төмен түсті. Виртуалды алаңда өз шеберліктерін сынау үшін қолдарына геймпад ұстап, содан кейін бірден нағыз футзал паркетіне жүгіріп шыққан журналистер мен инфлюенсерлер фиджитал спорттың күрделі әрі тартысты табиғатын іштей толық сезінді.
Осылайша, ертең-ақ өз мақалалары мен талдауларында жай ғана сырттай бақылаушы емес, фиджитал индустриясының қыр-сырын нақты білетін, халықаралық деңгейдегі нағыз сарапшы ретінде жаза алатын жаңа буын журналистері қалыптасты.
БАҚ лигасының жетекшісі әрі Cyber Birds командасының ойыншысы Азиз Жұмаділ фиджитал феноменінің мәнін нақты жеткізді:
«Шыны керек, бұған дейін фиджитал спорттың не екенін өзім де, басқа журналистер де толық білген жоқпыз. Бірақ осы медиа-матчта ойнап, Phygital Contenders Astana 2026 финалын көргеннен кейін бәрін өз көзімізбен түсіндік. Қазір уақытының көбін экран алдында тек диджитал ойындар ойнаумен өткізетін жас буынды физикалық спортпен де айналысуға тарту үшін бұл өте күшті формат екен. Бұл оларды гаджеттен ажырату емес, сол қызығушылығы арқылы физикалық спортқа да баулу. Бұл спорттың ең маңызды жолдауы да осы».
Осы айтулы кездесуде бас қосқан 20 белді тұлғаның қатарында танымал спорт журналисі Нұрсұлтан Құрман, белгілі спортшы әрі медиа амбассадор Сәкен Қағаров, халықаралық БАҚ өкілі Daniel Soriano, сондай-ақ көпшілікке танымал инфлюенсерлер Рамиль Тұрсынов пен Дарын Олжабай болды. Екі командаға бөлінген олар бүкіл турнирдің ең жарқын және ұмытылмас ойынын көрсетті.
Матч барысы осы айтылған философияның нақты көрінісі болды. Старт алған сәттен бастап Steppe Galaxy және Cyber Birds ұжымдары фиджитал спорттың басты ережесін паш етті: бұл жерде тек паркетте немесе тек экран алдында үздік болу аздық етеді — қос өлшемнің тепе-теңдігін сақтау маңызды.
Диджитал кезең: Толық үстемдік
Консольдегі киберспорттық кезең Steppe Galaxy командасының толық үстемдігімен басталды. Алғашқы секундтардан-ақ басымдықты алған олар бірінші таймды 3:0 есебімен аяқтады. Cyber Birds бір голмен жауап бергенімен, қарсыластары ойынға соңғы нүктені қойды. Диджитал кезең Steppe Galaxy пайдасына 7:1 есебімен аяқталды. Ойын тағдыры шешіліп қойғандай көрінді.
Физикалық кезең: Ғажайып камбэк
Алайда, физикалық алан бұл болжамды тас-талқан етті. Намысты қолдан бергісі келмеген Cyber Birds алаңға ерекше спорттық ызамен шықты. Команда жойқын прессинг ұйымдастырып, қарсылас қақпасын үздіксіз соққының астына алды. Голдар бірінен соң бірі соғылып, бірінші таймның соңында жалпы есеп 8:4-ке дейін қысқарды.
Cyber Birds шабуылшысы әрі танымал инфлюенсер Рамиль Тұрсынов цифрлық кезеңдегі сәтсіздіктен кейін команданың қалай ширыққанын былай түсіндірді:
«Эмоция тек позитивті болды. Консольде ұтылсақ та, физикалық кезеңде алаңда барымызды салдық. Ойынның 5:8 есебімен аяқталуы біздің өте жақын болғанымызды білдіреді. Біз, қазақтар, ешқашан жеңілеміз деп ойламаймыз, сондықтан соңына дейін үлкен камбэк жасауға тырыстық. Тек диджиталдағы есепті қуып жетуге уақытымыз сәл жетпей қалды. Келесі жолы міндетті түрде реванш аламыз!»
Матчтың соңғы бөлігінде қорғанысты мүлдем ұмытқан қос ұжым «5-ке 5» форматында ашық шабуылға көшті. Cyber Birds тағы бір гол соғып, есеп айырмасын 8:5-ке жеткізді. Таза уақыттың соңғы минутында трибуналар тағатсыздана шулады, бірақ «құстарға» уақыт жетпеді. Steppe Galaxy командасының консольде жинаған мол ұпайы оларға сенімді қорған болды.
Қорытынды 8:5 есебімен Steppe Galaxy Медиа Матчтың кубогын иеленді, ал көрермендер фиджитал тарихындағы ең үздік камбэк жасау әрекеттерінің біріне куә болды.
Матч аяқталған соң Азиз Жұмаділ ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға беріп, алдағы үлкен жарыстардан күтер үмітімен бөлісті:
«Медиа-матч өте те тартысты әрі шоуға толы болды, ұйымдастыру жоғары деңгейде. Осындай дайындықпен алда келе жатқан Astana 2026 «Болашақ Ойындары» ең жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін».
Қорытынды есеп: Steppe Galaxy 8:5 Cyber Birds
Жеңімпаз: Steppe Galaxy
Командалар құрамы
Steppe Galaxy (Жеңімпаздар): Тамирлан Джангазиев, Абзал Гарифуллин, Рустам Курманов, Ильяс Мурзалин, Еламан Амиргазы, Тахир Хамракулов, Руслан Бакытжан, Дмитрий Нестеренко, Daniel Soriano.
Cyber Birds: Рамиль Турсынов, Сакен Кагаров, Самат Елпанов, Дарын Олжабай, Адлет Кусаинов, Бек Толеу, Нурсултан Курман, Азиз Жумадил.