Астанада «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna турнирінде PUBG жеңімпаздары анықталды
АСТАНА, 2026 жылғы 2 тамыз — Он бес матч, әлемнің ең үздік 16 командасы және 1 миллион АҚШ доллары жүлде қоры: Астанада «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna халықаралық турнирі аясындағы Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank дисциплинасы өз мәресіне жетті. Чемпион соңғы картаға дейін анықталмай, үш жарыс күні бойы жекелеген матчтардың жеңімпаздары мен жалпы есеп көшбасшысы бірнеше рет ауысты.
15 матчтың қорытындысы бойынша 17 Gaming командасы 131 ұпаймен чемпион атанды. GAM The Expendables 120 ұпаймен екінші орынға ие болса, Team Vitality 106 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді. Қазақстандық DIGA Esports 59 ұпай жинап, турнирді 14-орында аяқтады.
Турнир жеңімпазы 300 000 АҚШ долларын иеленді. GAM The Expendables командасы 120 000 доллар, Team Vitality 100 000 доллар алды. Ал DIGA Esports 14-орын үшін 15 000 АҚШ долларын жеңіп алды.
«PUBG ойынының болашағы зор. Биыл бұл ойын бойынша турнирлер саны көбейіп келеді, қызығушылық та артып жатыр. Алдағы уақытта қайта оралып, жанкүйерлеріміз үшін тағы бір чемпиондық атақ жеңіп аламыз деп үміттенеміз. Астана туралы әсеріміз де өте жақсы: ауа райы ыстық болғанымен, тағамдары өте дәмді екен», — деді 17 Gaming командасының ойыншылары.
Team Vitality ойыншысы Артем Баскаков турнирдің соңғы күні команда үшін ең қиын болғанын айтты.
«Үшінші күн біз үшін ауыр өтті: ойын аймақтарының орналасуы бізге қолайлы болмады. Соған қарамастан ұпай жинап, үздік үштікке ену үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Өз стилімізден таймай, шайқасқа мүмкіндік іздеп, сабырмен ойнап, команда ішінде үнемі байланыста болдық», — деді ол.
DIGA Esports үшін Астанадағы жарыс осындай деңгейдегі алғашқы халықаралық турнир болды. Қазақстандық команда үшін басты сәттердің бірі — сегізінші матчтағы жеңісі. Beeline Arena трибуналарындағы көрермендер бұл жеңісті зор қошеметпен қарсы алды.
«Бізбен бірге әлемнің ең үздік 15 командасы өнер көрсетті, сондықтан ойын өте қиын болды. Соған қарамастан, жаман нәтиже көрсеткен жоқпыз деп ойлаймын. Осындай беделді турнирге қатысудың өзі біз үшін үлкен мәртебе. Жанкүйерлердің қолдауын естіп, сезіну бізге ерекше күш берді», — деді DIGA Esports ойыншысы Санжар Қалиев.
«Бірінші күн бейімделу кезеңі болды, екінші күні ойнау әлдеқайда жеңілдеді, ал үшінші күнді сәтті өтті деп есептеймін. Командамыздағы кейбір ойыншылар бұған дейін тіпті Еуропадағы ірі жарыстарға қатыспаған. Ал бұл жолы бізге әлем чемпиондары қарсы тұрды. Сондықтан осындай деңгейдегі командалар арасында 14-орын алу — жаман нәтиже емес», — деп қосты Санжар Қалиев.
«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna турнирі Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтуде. Бағдарлама сегіз дисциплинаны қамтиды, ал жалпы жүлде қоры 4,65 миллион АҚШ долларын құрайды. Турнирді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазспортинвест» АҚ ұйымдастыруда.
Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank жарысы аяқталғаннан кейін турнир өзге дисциплиналар бойынша жалғасады. Phygital Basketball Presented by Halyk Fund финалдық матчтары 3 тамызда өтсе, MOBA PC Dota 2 Presented by Bank CenterCredit жарыстары 5 тамызға дейін жалғасады.
4 тамыздан бастап Phygital Football UFL Presented by Samruk-Kazyna, Phygital Shooter CS 2 Presented by Yandex GO және MOBA Mobile MLBB Presented by FREEDOM турнирлері басталады. Phygital Dancing Presented by Solidcore Resources жарыстары 6–7 тамызда, ал Phygital Fighting Presented by Kazzinc 8 тамызда өтеді. «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna халықаралық турнирінің жалпы бағдарламасы 9 тамызға дейін жалғасады.