Астанада «Болашақ ойындары 2026» шеңберінде еріктілерді іріктеу басталады
2026 жылғы 10 сәуірден бастап Астана қаласында «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) халықаралық мультиспорт турниріне қатысу үшін еріктілерді ресми түрде қабылдау басталады.
Еріктілер турнирді ұйымдастырудың негізгі бөлігі болып табылады және қатысушылар мен көрермендермен жұмыс істеу, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылы, спорт делегацияларын алып жүру, сондай-ақ іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсету сияқты басты бағыттарға тартылады.
Еріктілік бағдарлама еріктілік мәдениетін дамытуға және жастардың халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру саласындағы практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыру турнир шеңберінде жоғары деңгейдегі қызмет көрсету, үйлестіру және коммуникацияны қамтамасыз ететін дайын еріктілер командасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) спортты, технологияны және цифрлық мәдениетті біріктіретін платформа болып табылады. Еріктілердің жобаға қатысуы Астананың заманауи әрі технологиялық қала ретіндегі имиджін нығайтып, Қазақстанның ірі халықаралық іс-шараларды өткізу алаңы ретіндегі танымалдылығын арттырады.
Бағдарлама қатысушыларына брендтелген киім, естелік сыйлықтар және қатысу сертификаттары беріледі. Еріктірлер спорт пен заманауи технологияларды біріктіретін халықаралық турнирде жұмыс істеудің практикалық тәжірибесін алады.
Бағдарламаға студенттер, жастар және еріктілік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстандағы ірі халықаралық жобалардың бірін өткізуге үлес қосуға дайын барлық ниет білдірушілер шақырылады.